ОБЛЫСТЫҚ ПЕРИНАТАЛДЫҚ ОРТАЛЫҒЫНДА ЖАС АНАЛАРДЫ ҚҰТТЫҚТАУ АКЦИЯСЫ ӨТТІ

15 қараша күні  Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі және облыстық іскер әйелдер қауымдастығының ұйымдастыруымен «Ақ орамал» ақпараттық-насихаттық жобасы облыстық перинаталдық орталығында өтті.

Іс-шараның мақсаты – «Ақ орамал» акциясы арқылы этносқа, әлеуметтік, діни және басқа да ерекшеліктерге қарамай, бейбітшілік идеяны қалыптастыру, отбасы қарым – қатынасын нығайту.

Аталы сөзден аттамай, салтын сақтап, дәстүрін дәріптеген, қасиеті қанына сіңген қазақ ұлтының өнегеге толы өмірінің бір бөлшегі – ақ орамал. Орамал – сұлулықтың символы, адалдықтың белгісі, балалықтан аттаған бойжеткеннің жаңа өмірінің бастамасы. Орамал – ес тоқтатып, есейіп, отбасылық өмірге жасалған қадамның көрінісі. Орамал – жаны нәзік жаратылған болмыс иелерінің басындағы байрақ.

Осы  орайда «Ақ орамал» акция ұйымдастырушылары, көп балалы, үлкен отбасыны тәрбиелеп отырған, өмірлік тәжірибелері бар Дана Аналар ырымдап, орталығымыздағы  алғашқы рет ана атанған   жас аналарға  ақ орамал жауып, сый-сияпаттарын табыстады.