АДАМНЫҢ БІР ҚЫЗЫҒЫ – БАЛА ДЕГЕН…

Ана мен бала денсаулығын қорғау – халық денсаулығын қорғаудың өзекті мәселелерінің бірі. Сәбидің дүниеге келуі тек жанұя ғана емес, мемлекет пен тұтас қоғам да мүдделі. Мемлекеттің негізгі міндеті – дені сау сәбилердің туылуына қолайлы және қауіпсіз жағдай жасау. Қызылорда облыстық перинаталдық орталығында жүкті, босанушы, босанған аналар мен жаңа туған нәрестелерге барлық қолайлы жағдай жасалынған.

Жаһандық деңгейде тараған қатерлі індет бүгінгі атаулы мереке – Балаларды қорғау күнін кең көлемде атап өтуге мүмкіндік бермеді. Соның өзінде денсаулық сақтау басқармасының басшысы С. Б. Пазилов осы аталмыш мереке күні ана атанған әйелдерді құттықтап, жаңа туылған нәрестелеріне зор денсаулық тіледі. Басқарма басшысы демографияға қосқан үлесі үшін алғысын білдіріп, сыйлықтар табыстады. Бұл қамқорлыққа жас аналар өз ризашылықтарын білдірді.
Соңғы 5 айдың есебіне жүгінсек, туу көрсеткішінің жалпы саны – 4739 нәресте,оның ішінде ер жынысты нәресте – 2470, қыз жынысты нәресте – 2269, егіз нәрестелер саны – 70. Бүгінгі орта есеппен 45-50 әйел стационарға жатқызылып, тәулігіне 35-40-қа жуық әйел босануда.
1 Маусым күні күндіз перинаталдық орталықта 26 нәресте дүние есігін ашты. Оның 16-сы қыз бала, 10 ұл бала.
Ардақты аналар! Қос мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймыз! Дүниеге әкелген перзенттеріңіздің дені сау болып, сіздерге тек қана қуаныш әкелсін! Өмірге енді ғана келіп жатқан бөбектеріңіз елге сыйлы азаматтар болып өссін! Отбастарыңызда әрқашан татулық, бірлік пен береке орнасын! Балалар мерекесінің маңыздылығын көрсетіп, әлемдегі барлық балаларға игілік, береке, жарқын болашақ пен ақ үміт тілейміз!