Қазақстанда медициналық сақтандыру жүйесін енгізу реформасының жүзеге асырылу мерзімі неге байланысты түзетілді?
Жауап: МӘМС-тің Қазақстандағы бюджеттік-сақтандыру үлгісі дегеніміз, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мемлекеттің басым ролі арқылы халықтың барлық санатының, бизнестің, азаматтың өзінің сақтандыру жарналары мен аударымдарын төлеугеміндетті ынтымақты түрде қатысуы. Барлық сақтандырылған азаматтардың медициналық қызметтер көрсету пакетіне тең дәрежеде қолжетімділігі «әркімнен мүмкіндігіне қарай» және «әркімге қажетіне қарай» қағидаты бойынша жұмыс істейді.
Дегенмен, әлеуметтік сауалнамалар құрылымында жүргізілген сараптамалық бағалаулардың нәтижелері көрсеткендей, аталған реформаны жүзеге асыруда елеулі қауіптер баршылық – «өзін өзі қамтушылардың» сақтандыру жүйесінен тыс қалу қаупі жоғары. Белгілі бір ресми табыстары жоқ, салық пен әлеуметтік жарна төлемейтін адамдар тұрғындардың біршама бөлігін – 2,7-3(?) млн,құрайды, яғни олар формальды экономикадан тыс қалған.
ҚР Парламенті палаталарының 2017 жылғы 4 қыркүйектегі бірлескен отырысында Мемлекет басшысы еліміздің денсаулық сақтау саласын дамыту үшін медициналық сақтандыру жүйесінің прогрессивтілігін айта келе, ҚР Үкіметіне денсаулық сақтау саласын реформалау қадамдарын қайта қарап, сақтандыру медицинасына азаматтардың барлық санаттарының тең дәрежеде (әділетті) қатысуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Сонымен бірге, Үкімет алдына халықтың өзін-өзі өнімсіз қамтамасыз ететін тобын ел экономикасына тарту, бизнестің және мемлекеттің жүктемелерін азайту, Қордың қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін қажетті резервтерді қалыптастыру бойынша мейлінше тиімді шараларды зерделеп, жасау міндетін қойды.
Халықтың өзін-өзі қамтамасыз ететін санатын ел экономикасына, сәйкесінше МӘМС жүйесіне тарту мәселесі қалай шешіледі?
Жауап: Осы өтпелі кезеңде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, облыстар мен Алматы, Астана қалаларының әкімдіктері, басқа да мүдделі мемлекеттік органдар халықтың өзін-өзі өнімсіз қамтамасыз ететін санатын рәсімдеу және оларды ел экономикасына, сәйкесінше МӘМС жүйесіне тарту шараларымен айналысады.
МӘМС жүйесіне мемлекеттің жеңілдік санатындағы тұрғындар үшін төлейтін жарна төлемдерінің және жеке тұлғалардың (жалдамалы жұмыскерлер, өзін-өзі қамтушылар) жарна төлеу мерзімінің 2020 жылдың 1 қаңтарына ауыстырылуы, бірінші кезекте, осы жағдайға негізделген. Сәйкесінше, 2020 жылдың 1 қаңтарынан МӘМС бойынша медициналық көмек көрсетіле бастайды.
Осы аралықта Денсаулық сақтау министрлігі жауапты органдармен бірлесіп, азаматтардың барлық санаттарын анықтап, оларды ортақ деректер қорына енгізу, яғни бірыңғай деректер қорында «цифрлау»жұмыстарын жүргізеді.
Қазақстанда МӘМС жүйесін одан әрі жүзеге асыруда қандай заңнамалық өзгерістер қарастырылуда?
Жауап: Қазіргі уақытта ҚР Парламенті Мәжілісінде заңнамаға МӘМС аясында халыққа медициналық көмек көрсету мерзімін кейінге шегеруді, АҚС шарт бойынша жұмыс істейтін жеке тұлғалар үшін жарна мөлшерін өзгертуді, жұмыс берушілерден басқа барлық санаттағылардың жарна төлеу уақытын кейінгі шегеруді қарастыратын бірқатар түзетулер енгізу мәселелері талқылануда. Аталған түзетулер нендей жағдайларды болжайды?
МӘМС жүйесінде медициналық көмек көрсету мерзімі 2018 жылдың 1 қаңтарынан 2020 жылдың 1 қаңтарына ауыстырылады;
Сақтандырылмаған тұрғындар үшін мемлекет есебінен қажетті медициналық көмек көрсету көлемі (КТМКК) 2022 жылдың 1 қаңтарына дейін сақталады;
МӘМС жүйесіне мемлекеттің жеңілдік санатындағы тұрғындар үшін төлейтін жарна төлемдерінің және жеке тұлғалардың (жалдамалы жұмыскерлер, өзін-өзі қамтушылар, оның ішінде ЖК, АҚС) жарна төлеу мерзімі 2020 жылдың 1 қаңтарына ауыстырылады;
Жұмыс берушілер ӘМСҚ-на 1-1,5% мөлшерінде жарна аударуды 2020 жылға дейін жалғастыра береді;
АҚС шарттар бойынша табыс табатын жеке тұлғалардың жарна мөлшері (жарна есептеу объектісінен) 5%-дан 1%-ға дейін азайтылады;
Аударымдар мен жарналарды есептеу үшін ең төменгі шек (1 ЕТЖ) алынып тасталады;
МӘМС жүйесіндегі «Үкімет – азаматтар үшін» МК қызметі мемлекеттік монополияға жатқызылады.