30 қыркүйек күні Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният әкім Нұрлыбек Нәлібаевпен бірлесіп 200 төсектік облыстық перинаталдық орталықтың жұмысымен танысты.
Перинаталдық орталық облыстағы барлық ауыр патологиясы бар әйелдерге, мерзімінен бұрын босанған жүкті әйелдерге, босанатын әйелдерге және жаңа туған нәрестелерге медициналық көмек көрсететін III-деңгейдегі ұйым болып табылады.
Мұнда жылына орта есеппен 11000 сәби дүниеге келеді.
Орталықтың базасында клиникалық, биохимиялық, бактериологиялық кабинеттер, ИФА-зертханалар, УДЗ кабинеттер, рентген кабинеті, аудиометрия, психолог, генетик, офтальмолог кабинеттері және басқа да кабинеттер жұмыс істейді.
Онда күндізгі стационар, консультациялық-диагностикалық бөлімше, облыстағы бүкіл жүкті әйелдерге генетика бойынша қызметтер, биохимиялық скринингтер, жаңа туған нәрестелерге неонаталдық скринингтер ұсынатын медициналық-генетикалық орталық орналасқан.
Дәрігерлер мамандандырылған акушерлік және неонаталдық көмекке мұқтаж жүкті әйелдерден басқа, салмағы 500 грамм және одан жоғары шала туған нәрестелерге күтім жасайды.
Перинаталдық орталықтың ұжымын 612 қызметкер, оның ішінде 102 дәрігер құрайды.
Облыстық перинаталдық орталықтың дәрігерлерімен кездесу кезінде Министр жүкті және босанған әйелдерге медициналық көмек көрсетудің жеткіліксіз ұйымдастырылуына, дәрігерлердің біліктілігін арттырудың қажеттілігіне назар аударып, босандыру проблемаларын талқылады.
А. Ғиният патологиялары бар жүкті әйелдерді ерте диагностикалаудың рөлін, пациенттердің жағдайын объективті бағалаудың және дұрыс таңдалған акушерлік тактиканың маңыздылығын атап өтті.
Министр жаңа туған нәрестелерге арналған реанимация бөлімшелерінде, босандыру бөлімшелерінде және босанатын әйелдерге арналған реанимация бөлімшелерінде медициналық көмек көрсету жағдайларын қарап шықты.