Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай, 17 маусым күні Қызылорда облыстық перинаталдық орталығында салтанатты шара өтті. Мыңдаған нәрестелердің жарық дүниеге келуіне себепші болып, ана мен бала денсаулығы үшін уақытпен санаспай еңбек етіп жүрген ақ халатты жандардың еңбектері бағаланды.
Шара барысында орталықта айрықша еңбек еткен қызметкерлерге Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің, облыс əкімінің, облыстық денсаулық сақтау басқармасының, орталық басшысының, кәсіподақ атынан марапаттар табысталды.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет грамотасымен ІІ акушерлік бөлімнің меңгерушісі, жоғары санатты акушер-гинеколог дәрігер Ким Алексей Афанасьевич марапатталса, министрліктің алғыс хатын І санатты неонатолог дәрігер Касымова Шынар Акбаевна иеленді.
Мерекелік іс-шараға облыстық медициналық жедел-жәрдем станциясы бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Нұрсейітова Ғалия Талғатқызы қатысып, ОМЖЖге қарасты санитарлық авиация желісіндегі қызметте ерекшеленген дәрігерлерді марапаттады.
Сонымен қатар, Қызылорда облысы бойынша «AMANAT» партиясының филиалы перинаталдық орталықтағы партия мүшелерін алғыс хаттармен марапаттады.
Бөлімше қызметкерлері ән шырқап, би билеу арқылы медицина қызметкерлеріне тамаша көңіл-күй сыйлады.
Әріптестеріміздің марапаттары құтты болсын! Кез келген ақ халатты жан үшін ең басты жүлде – ол пациенттердің денсаулығы мен олардың ризашылығы! Сіздерге өмірде мықты денсаулық, еңбекте жеміс, отбасыларыңызға бақыт тілейміз! Жан жылуыңызды аямай, мейірімділікпен халықтың ыстық ықыласына бөлене беріңіздер!
