15 маусым күні медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында облыстық Н.Бекежанов атындағы музыкалық-драма театрында салтанатты шара ұйымдастырылды. Жиынға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысып, халық денсаулығы жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан мамандарға ізгі тілегін білдірді. Сонымен қатар, аймақ басшысы өз саласында үлкен жетістіктерге жетіп, халық алғысына бөленіп жүрген қызметкерлерге арнайы марапат табыстады.
Ауқымды іс-шарада орта буын медицина қызметкерлері арасында «Үздік маман – 2022» конкурсының «Үздік акушер» номинациясы бойынша жеңімпазы Ағатаева Данагүл Әбдуалиқызы Қызылорда облысы әкімдігінің, облыстық денсаулық сақтау басқармасының және «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесінің салалық кәсіптік одағының ақшалай сертификатымен марапатталды.
2004 жылы Қызылорда медициналық колледжін үздік дипломмен бітіріп, қалалық перзентханаға обсервация бөлімінің акушері ретінде қабылданған, 18 жыл жұмыс өтілі бар жоғары санатты акушер. Өз жұмысына жауапкершілігі мол, өте тиянақты, ұқыпты, босанушы әйелдерге жоғары деңгейде медициналық және психологиялық қолдау көрсете білетін өз ісінің шебері.