20 сәуір күні «12 мамыр – Халықаралық мейірбикелер күніне» орай, облыстық денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен Қызылорда медициналық жоғары колледжінде «Мейіргер ісінде білім, ғылым және практиканың үштұғырлығы» жобасы аясында орта буын медицина қызметкерлері арасында «Үздік маман – 2022» конкурсы өтті.
«Үздік акушер» номинациясы бойынша Облыстық перинаталдық орталығы босану бөлімінің акушері – Ағатаева Данагүл Әбдуалиқызы бас жүлдеге ие болды.
2004 жылы Қызылорда медициналық колледжін үздік дипломмен бітіріп, қалалық перзентханаға обсервация бөлімінің акушері ретінде қабылданған, 18 жыл жұмыс өтілі бар жоғары санатты акушер. Өз жұмысына жауапкершілігі мол, өте тиянақты, ұқыпты, босанушы әйелдерге жоғары деңгейде медициналық және психологиялық қолдау көрсете білетін өз ісінің шебері.
Облыстық перинаталдық орталығы ұжымы Сізді жеңісіңізбен шын жүректен құттықтайды. Ана мен бала денсаулығы жолында аянбай еңбек етіп, биік белестерді бағындыра беріңіз! Сізге шын жүректен мықты денсаулық, бақыт, амандық және қызметте табыс тілейміз! Мерекеңіз құтты болсын!