Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі ұйымдастырған республикалық кәсіби конкурс қорытындысы бойынша Қызылорда облыстық перинаталдық орталығы «Беделді перзентхана» атағына ие болды.
Марапат Медицина қызметкері күніне орай Астана қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында өткен салтанатты іс-шара барысында табысталды. Конкурс аясында ана мен бала денсаулығын сақтау саласында жоғары нәтижелер көрсетіп жүрген еліміздің үздік медициналық ұйымдары анықталды.
Бұл жоғары баға – орталық ұжымының кәсіби біліктілігі мен күнделікті жауапты еңбегінің нәтижесі. Облыстық перинаталдық орталық жүкті әйелдерге, босанушыларға, босанған аналарға, жаңа туған нәрестелерге және гинекологиялық науқастарға перинаталдық көмектің III деңгейін көрсететін өңірдегі жетекші медициналық ұйым болып табылады.
Орталықта жүкті әйелдерді бақылау, пренаталдық және генетикалық скрининг, инвазивті диагностика, жаңа туған нәрестелерге мамандандырылған көмек көрсету, санитариялық авиация арқылы аудандық медициналық ұйымдарға әдістемелік және практикалық қолдау көрсету жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
2025 жылы облыс бойынша тіркелген барлық босанудың 48,2 пайызы облыстық перинаталдық орталықта қабылданды. Ана мен бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында заманауи технологиялар енгізіліп, материалдық-техникалық база жыл сайын жаңартылып келеді. Бүгінде медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілу деңгейі 92,07 пайызды құрайды.
«Беделді перзентхана» атағы – орталық ұжымының көп жылғы еңбегіне берілген жоғары баға әрі алдағы уақытта да ана мен бала денсаулығын сақтау жолындағы жауапкершілікті арттыра түсетін маңызды жетістік.
Барша әріптестерімізді осы мәртебелі марапатпен құттықтаймыз!